Дина Таңсәріні қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жалғасуда – Бас прокуратура

148

Бас прокуратура "НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі (Динара Смаилова) қатысты түсініктеме берді. 

Дина Таңсәріні қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жалғасуда – Бас прокуратура Фото: facebook/NeMolchiKZ.

2024 жылғы 14 сәуірде ол Черногорияда ұсталған. Оған бір топ адаммен сөз байласып, азаматтардың сеніміне кіріп, олардың қаражатын алаяқтық жолмен иемденді деген күдік тағылып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қазіргі таңда Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында оған қатысты алты қылмыстық іс тергелуде. Олар жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қолсұғушылық және екі алаяқтық фактісімен байланысты.

Нақты істерге тоқталсақ:

  • Шығыс Қазақстан облысындағы іс: 2023 жылғы сәуірде Динара Смаилова Өскеменде кәмелетке толмаған қыздың суицид жасағаны туралы жалған ақпарат жариялаған. Бұл мәлімет жалған болып шықты – қыз тірі, бұзақылық дерегі бойынша іс сотқа жолданған. Алайда Смаилова жәбірленушіге адвокат жалдау үшін қаражат жинайтынын мәлімдеп, 20 миллион теңгеден астам ақша жинаған. Бірақ адвокаттың қызметін жәбірленуші тарап төлеген.

  • Алматы облысындағы іс: Ол жыныстық зорлық-зомбылық көрген балаға көмек көрсетуге арналған жалған жазба жариялап, жұртшылықтан жұбайының Kaspi картасына ақша аударуды сұраған. Бұл оқиға расталмағанымен, бірнеше миллион теңге жиналған.

Банктік деректерді талдау нәтижесінде жиналған қаражат коммерциялық емес ұйым арқылы емес, жеке шотқа түскені және шетелде жеке мақсатта жұмсалғаны анықталған. Сонымен қатар, "Немолчи" қорының парақшасында материалдық көмек көрсетілетіні туралы жалған ақпараттар жарияланған.

Бас прокуратураның мәліметінше, қазіргі таңда жеті азамат Смаиловаға алданғандарын айтып, құқық қорғау органдарына шағым түсірген.

Құқықтық шаралар:

Дина Смаилованың әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша (аса ірі көлемде жасалған бірнеше алаяқтық) сараланып, сот санкциясымен оны қамауға алу туралы шешім шығарылды. Осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды.

Интерпол желісі арқылы оның Черногорияда жүргені анықталып, Қазақстан тарапынан экстрадиция сұралған. Алайда, екі ел арасында тиісті келісім болмағандықтан, экстрадициядан бас тартылған. Соған қарамастан, Бас прокуратура оны жауапқа тарту бойынша жұмыстарды жалғастыратынын мәлімдеді.

Тергеу жалғасып жатқандықтан, өзге мәліметтер жария етілмейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу