Динара Сәдуақасова Атырауда халықаралық шахмат фестивалін ұйымдастыруда

641

Атырау қаласында 15-24 тамыз аралығында алғаш рет Халықаралық шахмат фестивалі өтеді.  

Динара Сәдуақасова Атырауда халықаралық шахмат фестивалін ұйымдастыруда

Фестивальді қазақстандық атақты шахматшы Динара Сәдуақасова негізін қалаған Шахмат академиясы ұйымдастырып отыр.

Баспасөз мәслихатының негізгі спикері халықаралық гроссмейстер және бірнеше дүркін әлем чемпионы, сондай-ақ 2019 жылы классикалық шахмат бойынша әйелдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстанның тұңғыш жеңімпазы атанған Динара Сәдуақасованың өзі болды.

Д.Сәдуақасова атап өткендей, фестивальдің басты мақсаты – Қазақстанда шахматтың спорт түрі ретінде жан-жақты дамуына лайықты үлес қосу.

"Бүгінде елімізде шахмат спорты өзіндік қайта түлеуді, танымалдылықтың жаңа кезеңін бастан кешіруде. Бұған Азия және әлем чемпионатындағы нәтижелер, тәрбие мен білім беруде шахматтың маңызын түсінетін ата-аналардың ынта-ықыласы мен қолдауы, соған байланысты шахматпен айналысатын балалар санының артуы ықпал етті. Сонымен қатар, шахматты дамыту динамикасының бұдан да үлкен өсу алаңына айналуы мүмкіндігі бар мамандандырылған спорттық іс-шаралар әлі де жеткіліксіз деп ойлаймын. Тиісті оқу орындары да соншалықты жеткіліксіз. Бүгінде балалар шахматты негізінен шахмат орталықтарында үйренеді. Бастауыш сыныптарға "шахмат" пәнін енгізу туралы ұсыныстар айтылды. Бірақ оқу бағдарламасының ауырлығына байланысты шахмат қосымша оқытылады, факультатив түрінде машықтанады. Дәл осы әлеуметтік сұранысты біз фестивальді ұйымдастырушы ретінде біздің Шахмат академиясының қызметі аясында жабуға тырысамыз және бұл іс-шараның миссиясы, сонымен қатар, дәл осында жатыр", – деді Динара Сәдуақасова.

Әйгілі спортшының айтуынша, фестивальге қатысуға өзін танытқысы келген барлық шахмат әуесқойлары – кәсіби спортшылар, соның ішінде ФИДЕ рейтингтерінің иегерлері де, жас спортшылар да, шахмат спортының жанкүйерлері де шақырылған.

Жарысқа 9 елдің 300-ге жуық шахмат жанкүйерлері қатысады, оның ішінде Қазақстанмен қоса алғанда АҚШ, Нидерланды, Литва, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь және Ресей ойыншылары бар. Бағдарламада үш негізгі турнир жарияланған - "Atyrau Open", "Atyrau Juniors" және "Atyrau Blitz".  Олардың әрқайсысының нәтижелері әйгілі швейцариялық жүйе бойынша бағаланады. Жалпы кепілдендірілген жүлде қоры 13 миллион теңгені құрайды.  Шеберлік сабақтар мен бір мезгілде өтетін ойын сеансы күтілуде. Фестиваль аясында төрешілер емтиханды сәтті тапсырып, FIDE төрешісі атағын ала алатын халықаралық арбитрлердің алғашқы семинары өткізіледі.

"Халықаралық шахмат фестивалі туралы айтатын болсақ, бұл біздің Академия жүзеге асырған Қазақстандағы іс-шара форматындағы ең ірі жоба. Оған академияның 58 студенті қатысуда. Сонымен қатар, біз республикалық, қалалық, іріктеу, отбасылық, корпоративтік турнирлерді; жетекші атақты шахматшылармен бір мезгілде өтетін сеанстар; шеберлігін арттырып, деңгейін жоғарылатқысы келетін әрбір адам үшін шеберлік сабақтар, лекциялар; оқу-жаттығу жиындары; онлайн сабақтар арқылы оқытуды өткіземіз. Жалпы, Академияда біз балаларды 5 жастан бастап оқытамыз. 4 жыл ішінде 5000-нан астам бала оффлайн режимде, ал 2500 бала онлайн режимде оқытылды. Бізде спорт шеберлігіне үміткерлерден бастап халықаралық гроссмейстерлерге дейін тәжірибелі және өз ісіне берілген жаттықтырушылар бар. Олардың өз оқу материалдары бар" - деп қосты Динара Сәдуақасова.

Сонымен қатар, спортшы өткен аптада Үндістанда аяқталған Дүниежүзілік Олимпиадаға қатысудан бас тартуына қатысты пікір білдірді.

"Бірқатар факторлардың аясында мен турнирге барынша тиімді дайындалу үшін қажетті ресурстардың, ең алдымен қаржылық ресурстардың жетіспеушілігіне тап болдым.Мен перфекционистпін және тек ішінара дайын болғым келмеді. Мен мұны жарыстарда да, өмірдегі басқа бизнестерімде де көтере алмаймын", - деп атап өтті спортшы.

Айта  кетейік фестиваль аясындағы ойындарды www.chess.com, www.chess24.com сайттарынан және фестивальдің www.atyrauchessfestival.kz ресми сайтынан онлайн көруге болады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу