Динара Сәдуақасова Қазақстан және Орталық Азия шахматшылары арасында жоғары рейтингке ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) мәліметінше, қазақстандық шахматшы, халықаралық шахмат шебері Динара Сәдуақасованың рейтингі 2460-қа дейін өскен. Осылайша, ол әлемнің үздік шахматшылары тізімінде 23-інші орынға көтерілді.
Бұл Қазақстан және Орталық Азия әйелдер шахматы тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Қазіргі уақытта спортшы Азия шахматшылары рейтингінде сегізінші орынға ие, ал Қазақстан рейтингінде көш бастап тұр.
Динара 5 қараша күні елорданың ірі сауда орталықтарының бірінде Шахмат академиясының Қазақстандағы UNICEF өкілдігімен бірлесіп өткізетін блиц-шахмат турниріне қатысады. Аталған жарыс дүниежүзілік балалар күніне арналған.