Дін туралы заңнамалардың қатаңдатылуына қатысты заң жобасы Мәжілістің қарауына жіберуге әзірленіп жатыр.
Құжатта кәмелетке толмаған жасөспірімді діни ағымдарға тартқандар мен жат ағымды насихаттайтын азаматты жазалауды күшейту мәселесі көтерілген. Бұл шаралар діни ахуалды тұрақты ұстауға бағытталып отыр. Бұл туралы қоғамдық кеңес жиынында еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев айтты, деп хабарлайды 24.kz.
Сонымен қатар биыл жат діни ағымнан зардап шеккендерге арналған сайт іске қосылады. Сарапшылардың пікірінше, азаматтардың қоғаммен байланысын арттыру үшін әлі де қыруар шаруа атқарылуы керек. Оған үкіметтік емес ұйымдар, дәстүрлі діни бірлестіктер мен қоғамдық мекемелер атсалысады.
"Бізге келетін ата-ананың басым бөлігін бір-ақ нәрсе алаңдатады – баласы жат ағымға еріп кетпесе екен деп қорқады. Егер ондай жағдайлар бола қалса, бәрін қоғамнан көреді. Бәрін тиісті органдар қадағалап отыруы керек деп санайды. Айтқандары дұрыс қой. Бірақ олар азаматтық қоғамда, зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқанын түсінсе екен деймін", – дейді дін істерін зерттеу орталықтары қауымдастығының директоры Юлия Денисенко.