Бүгін парламент мәжілісінің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев таныстырды, деп хабарлайды BNews.kz .
Министр атап өткендей, заң жобасында діни бірлестіктердің қаржылай ашықтығын талап ететін нормалар бар.
"Ол үшін заң жобасында ішкі қаржылай есепті міндетті жүргізуді талап ететін тұстары бар. Осы есепті жыл сайын БАҚ-та жариялау қарастырылып отыр. Халықаралық тәжірибеде бұл заң жобасының кең таралған талаптарының бірі болып табылады. Сондықтан біздің қоғамда бұл мәселе бірнеше рет көтерілген болатын", - деді парламент мәжілісінің отырысында Дархан Кәлетаев.
Осыған байланысты депутаттар діни бірлестіктер басқа да материалдық құнды заттар немесе көлік құралдарын және т.б алғанда да есеп беруі керек пе деген сұрақ қойды.
"Барлық келген кіріс БАҚ-та жариялануға тиіс, яғни кірген кіріс тіркелу керек", - деп жауап берді Дархан Кәлетаев.
Жобада 12 заңнамалық актіге 53 өзгерту енгізу қарастырылған, оның ішінде 3 кодес пен 9 заң бар. Сондай-ақ дінді деструктивті мақсатта қолданбауға қатысты өзгерістер енгізілген. Атап айтсақ, деструктивті діни ағым, діни радикализм сынды жаңа ұғымдар енгізіледі.
"Осы ұғымдарды енгізу және деструктивті діни ағымдар идеологиясын таратуға тыйым салу, біздің елімізге жат идеологияның кіруіне жол бермейді", - деді Кәлетаев.