Бұл қорытындыны Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты жасаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналист Ердәулет Қалиевтің пікірінше, Қазақстандағы этносаралық ахуалды орнықты деуге толық негіз бар.
– Сандар да көңіл көншітеді, әрине. Бірақ мені осы тұрақтылықтың ақпарат кеңістігінде қалай көрініс тауып жатқаны көбірек ойландырады. Мынаны қараңыз, біз этносаралық келісімді көбіне мерекелік жиындар, ұлттық киімдер мен мәдени фестивальдер арқылы көрсетуге әдеттеніп алдық. Оның да өз орны бар шығар. Алайда татулықтың шынайы өлшемі сахнадағы ән-биден гөрі күнделікті өмірдегі тең мүмкіндік, әділ қарым-қатынас пен ортақ жауапкершіліктен көрінеді.
Әлеуметтік желіде кез келген тұрмыстық жанжал лезде этностық сипат алып, бір адамның қателігі тұтас қауымға телініп жатады. Осындайда ақпарат таратушылардың жауапкершілігі қаншалықты салмақты екенін анық аңғарасың. Меніңше, отандық медиа бұл тақырыпты тек шиеленіс туған сәтте немесе мереке қарсаңында емес, күнделікті қоғамдық талқылаудың өзегіне айналдыруы тиіс. Мәселені жасырып-жапқаннан гөрі, дер кезінде әрі әділ талқылай алатын қоғам ғана ішкі келісімді берік ұстай алады, – дейді ол.
Кейіпкеріміз діни саладағы маңызды мәселелерге де тоқталып өтті. Оның сөзінше, діни мәселелердің тым үстірт түсіндірілуі кездесіп жатады. Сол себепті, Ердәулет Қалиев "ақпараттық саясат дінтанушылардың салмақты сараптамасына және жастардың сыни ойлау қабілетін ұштауға көбірек ден қоюы керек" деп есептейді.
– Енді діни ахуал тақырыбына ойысайық. Бұл бағытқа баға бергенде қоғамның діни сауаты мен ақпаратты қорыту мәдениетін айналып өте алмаймыз. 2021 жылғы халық санағы тұрғындардың 69,3 пайызы исламды, 17,2 пайызы христиан дінін ұстанатынын көрсетсе, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында елімізде 18 конфессияға тиесілі 4007 діни бірлестік тіркелген. Бұл цифрлар діни кеңістіктің ауқымын аңғартқанымен, жұрттың діни сауат деңгейін толық сипаттай алмайды.
Тағы бір мән беретін жай – ақпарат ортасында діни мәселелердің тым үстірт түсіндірілуі. Әсіресе, әлеуметтік желіде кәсіби діни білімі күмәнді адамдардың үзілді-кесілді пәтуалары кең таралып, күрделі тақырыптар қарабайыр айтысқа ұласып барады. Мұндай тұста журналистиканың міндеті – біреуді уағыздау яки діни ұстанымын сынау емес, оқырманға құбылыстың құқықтық, тарихи және қоғамдық астарын сауатты жеткізу. Зайырлылықты дінсіздікпен, ал діни сенімді радикализммен шатастыру да қоғамдық пікірді шатастырып бітті. Сондықтан ақпараттық саясат құрғақ тыйым мен қауіп-қатер туралы ескертулерден арылып, сапалы түсіндіруге, дінтанушылардың салмақты сараптамасына және жастардың сыни ойлау қабілетін ұштауға көбірек ден қоюы керек. Қысқасы, діни сауаттылықты көп ақпараттың ішінен күмәнді дүниені дер кезінде ажырата алумен өлшеген жөн, – дейді журналист.