"Диплом сатып алудың қажеті жоқ": Ғылым министрлігі қазақстандықтарға маңызды үндеу тастады

459

3,5 млн-нан астам диплом цифрландырылды. 

"Диплом сатып алудың қажеті жоқ": Ғылым министрлігі қазақстандықтарға маңызды үндеу тастады Фото: stan.kz

Жалған диплом сататындар мен оны сатып алатындарға қатысты құқықтық жауапкершілік көзделген.

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Үкіметте өткен баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазіргі уақытта дипломды сатып алудың қажеті жоқ. Себебі әрбір дипломды тексеруге болады. epvo.kz деген порталдан жұмыс беруші немесе әр тұлға негізгі дипломның нөмірін терсе, онымен қай жерде, қандай жылы қандай жоғары оқу орнын аяқтағаны туралы ақпарат шығады. 1991 жылдан бастап осы уақытқа дейін 3,5 млн-нан астам дипломды цифрландырдық. Сондықтан да сол жерден арнайы тексеруге болады. Бүгінгі таңда беріліп жатқан дипломдарды қарайтын болсақ, әр құжаттың QR коды мен сериялық нөмірі болады. Сонымен адамның нақты оқығаны-оқымағаны тексеріледі", – деді Гүлзат Көбенова.

Оның сөзінше, диплом сатылатыны жөнінде жарнама беретін алаяқтар бар.

"Біз Ішкі істер, Цифрлық даму, Мәдениет министрліктерімен бірлесіп жұмыс істейміз. Бұл жерде құқықтық жауапкершілік бар екенін ескеру керек, Сондықтан да бәрі реттелген", – дейді вице-министр.

Тілшілер "Жалған диплом сатып алғандар да жазалана ма?" деп сұрады.

"Әрине, жазаланады. Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік те бар", – деп атап өтті Ғылым және жоғары білім вице-министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу