Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау алған азаматтардың шарттық міндеттемелерді орындауы тексерілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Прокуратура талдауы барысында жалпы сомасы 10,6 млн теңгеге міндеттемелердің орындалмағаны анықталды.
Мәселен, 2023 жылы медициналық колледжді бітіріп, аудандық ауруханаға жұмысқа келген жас маманға 5 млн теңге бюджеттік кредит және 345 мың теңге көтерме жәрдемақы берілген. Алайда ол шартта көрсетілген ауылдық елді мекенде кемінде үш жыл жұмыс істеу міндетін орындамаған.
Прокуратураның шараларынан кейін 2,95 млн теңге мемлекет кірісіне қайтарылды. Қалған соманы өндіріп алу мәселесі бақылауда.
Бюджет қаражатының заңды әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр.