"Дипломмен ауылға": Маңғыстауда 100-ден астам жас маман жұмыс тапты

674

Маңғыстау облысында "Дипломмен ауылға" мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылдан бері 102 жас маман жұмысқа орналасты. 

"Дипломмен ауылға": Маңғыстауда 100-ден астам жас маман жұмыс тапты Фото: inbusiness.kz

Соңғы екі жылда өңірдегі ауылдарға барған жас мамандарға баспана және көтерме жәрдемақы берілді.

Жуырда Түпқараған ауданына 50 адам барса, Қарақия ауданына 36 маман, Жаңаөзен қаласына 4, Бейнеуге 6, Мұнайлыға 4 маман қоныстанды.

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрдәулет Жақсыбекұлы мемлекеттік бағдарлама арқылы Мұнайлы ауданына келгеніне жеті жыл болды. Қазір Дәулет ауылындағы мектепте сабақ береді.

"Ұстаздыққа дейін армрестлинг бойынша жаттықтырушы болдым, жарыстарға қатыстым. Кейін "Дипломмен ауылға" мемлекеттік бағдарламасымен таныстым. Бұл мен сияқты жастар үшін үлкен мүмкіндік. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында отбасымызбен баспана, жұмыс мәселесіне алаңдамадық. Көбі қалада тұрады, бірақ мен ауылда өзімді жайлы сезінемін. Мұнда спортты дамытып, балалармен де жұмыс істеймін. Жақында әке атандым. 2020 жылы Мұнайлы ауданының үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі атағын алдым. Оқу орындарын бітірген түлектерге ауылдан қорықпаңдар дегім келеді. Ауылда болашақ жоқ сияқты көрінгенімен мұнда жақсы мамандар өте қажет",– дейді Нұрдәулет Жақсыбекұлы.

Мемлекеттік бағдарламаға қатысу мүмкіндігі жоғары оқу орнын білім, әлеуметтік қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, ветеринария, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен сияқты мамандықтар бойынша бітірген түлектерге беріледі.

Қатысушыларға қойылатын негізгі талап – ауылда кемінде үш жыл жұмыс істеу. Бағдарламада 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы төлеу, сондай-ақ 0,01% жылдық сыйақы мөлшерімен 15 жылға дейін 1500 АЕК-тен аспайтын қаржыға тұрғын үй сатып алу немесе салу көзделген.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу