"Дисней" мультфильмдеріндегі композияциялар қазақша шырқалады

1411

Әлемге әйгілі Disney киностудиясының лицензиялық "Жұлдыздар шеруі" атты киноконцерті елімізде алғаш рет телевизиялық форматта көрсетіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен таныстырылымда айтылды.

"Дисней" мультфильмдеріндегі композияциялар қазақша шырқалады

"Болашақ" корпоративтік қоры – әйгілі голливуд фильмдерін қазақшалап жүрген бірден-бір қоғамдық ұйым. Бүгінге дейін корпоративтік қордың бастамасымен танымал 35 шетелдік фильм қазақ тілінде дыбысталып, соның арқасында жүздеген қазақстандық әртістің есімі "Дисней" киностудиясы базасына еніп отыр. Мысалы, Гүлнәз Әуезбай – голливуд жұлдызы Анджелина Джолидің дауысын қазақ тілінде дубляждауға құқы бар Қазақстандағы жалғыз актриса. Бұл құқық актрисаға 8 жылға берілген. 

"Болашақ" корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шәйжүнісованың айтуынша, осыдан екі жыл бұрын "Дисней" киностудиясының бас директоры Қазақстанға келген кезде компанияның киноконцертін қазақ тілінде дубляждау мәселесі талқыланған. "Дисней" фильмдерін дубляждауға қатаң талаптар қойылады. Әртістер де, олардың дауысы да ерекше сұрыпталады. Фильмдердің саундтректерін қазақшалған кезде де осы талаптарды сақтадық. Композициялар әйгілі дирижер Александр Беляковтің жетекшілігіндегі эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындалды", – дейді Д.Шәйжүнісова.

Оның мәліметінше, телевизиялық форматта алғаш рет өткізіліп отырған киноконцертте "Диснейдің" 11 фильміндегі 22 композиция шырқалады. Олардың қатарында "Мулан", "Аладдин", "Арыстан Патша", "Покахонтас", "Моана", "Ханшайым мен құрбақа", "Рапунцель", "Мұзды өлке" секілді анимациялық фильмдер бар. Ал әндерді қазақша шырқайтын Данияр Өтеген, Адам, Кентал, Данэлия Тулешова, Ерден Жақсыбек сынды әншілер.

Тұсаукесерге қатысқан "Астана" телеарнасының бас директоры Құрманбек Жұмағалидің айтуынша, "Жұлдыздар шеруі" киноконцерті осы арнада 27 желтоқсан күні, сағат 15.00-де көрсетіледі.

Қымбат Нұрғали

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу