Walt Disney компаниясы балалардың құпиялылығын қорғау туралы заңды бұзғаны үшін айыппұл төлейді. Бұл туралы АҚШ Әділет министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Қаулыға сәйкес, Disney YouTube-тағы танымал бейнеконтентке қатысты интернеттегі балалардың құпиялылығын қорғау туралы заңды бұзу ісін реттеу аясында 10 миллион доллар айыппұл төлейді", – делінген ақпаратта.
Компания мен оның мердігерлері платформаларда жарияланған контенттің балаларға арналғанын нақты көрсетпеген. Осылайша Disney ата-аналардың келісімінсіз әрі оларды хабардар етпей балалар туралы ақпаратты мақсатты жарнама үшін заңсыз жинаған.
"Тиісті қаулы айыппұлдан бөлек, Disney-ге YouTube-та COPPA талаптарын бұза отырып қызмет атқаруға тыйым салады және болашақта осы заңның дұрыс сақталуын қамтамасыз ететін арнайы бағдарлама әзірлеуді міндеттейді", – деп хабарлады АҚШ-тың Әділет министрлігі.