Дизель отынының бағасын 50%-ға дейін арзандату керек

1813

Сенаторлар үкімет басшысына хат жолдады. 

Дизель отынының бағасын 50%-ға дейін арзандату керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынының 1 литрі 165 теңгеден сатылып жатыр. Бұл нарықтағы бағадан 15%-ға арзан.

Сенаторлардың сөзінше, дизель отынының бағасын 50%-ға арзандату керек
Олар осыны алға тартып, үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. 

"Көктемгі дала жұмыстарына бөлінген жеңілдетілген жанар-жағар майдың бағасы әлі де қымбат. Соңғы екі айдың көлемінде әлемдегі мұнай бағасы 2-2,5 есе төмендеді. Ал біздің мұнай өңдеу зауыттарынан шығарылатын дизельдік отынның бағасы 10%-ға ғана арзандаған. Биылғы жылдың 1 наурызында дизель отынының 1 тоннасы 194 мың теңге болса, бүгін 174 мың теңгені құрап отыр. Яғни 1 литріне 145 теңгеден келеді. Олай болса ауылшаруашылығы тауар өндірушілері неге 165 теңгеден алуы керек?" – деді сенатор Әли Бектаев. 

Оның пікірінше көктемгі дала жұмыстары үшін арзандатылған жанар-жағар майдың бағасы көшедегі май құю бекеттеріндегі емес, мұнай өңдеу зауыттарындағы бағадан 15%-ға төмен болуға тиіс. 

"Қазіргі қиын-қыстау кезеңде мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұнай өңдеу зауыттарының акционерлері мен тиісті министрлік басшылары өздерінің азаматтық позицияларын танытуы қажет. 
Осыны ескере отырып, ел үкіметіне көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін жанар-жағар майдың бағасын 50%-ға дейін арзандатып, шаруаларға дер кезінде жеткізудің мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынамыз", – деді Әли Бектаев.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу