DJ Imanbek ақшалай сыйлығын қайырымдылыққа жұмсайтын болды

1273

Павлодар облысының әкімі Иманбекке көрімдік берді. 

DJ Imanbek ақшалай сыйлығын қайырымдылыққа жұмсайтын болды Фото: Ольга Бугаева

Ақсу қаласынан шыққан sound продюсер, DJ,  "Grammy"  сыйлығын иеленген тұңғыш қазақ Иманбек Зейкенов туған жерге оралып, жергілікті жастармен жүздесті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.  

Айта кетелік, DJ Imanbek онлайн режимде өткен марапаттау сәтіне Ресейдің Мәскеу қаласынан тікелей эфирге шыққан болатын.

"Grammy" сыйлығын марапаттау онлайн режимде өтетіндіктен, интернетте ақау болмауы тиіс еді. Оған қоса, Ақсуда бұл сәтті жалғыз қарсы ала алмадым. Сондықтан өзім жұмыс істейтін ресейлік "Effective Records" лэйбліне барып, сондағы кеңсені ұлттық нақышқа сәйкес безендіріп, граммафон сатып алып, жеңімпаздарды атайтын сәтті күттік. Ал бұл кезде "Физрук" сериалының  режиссері Константин Майер мен туралы деректі фильм түсіріп жатты. "Grammy" марапатының иесі екенімді естігенде қуанышымда шек болмады. Мені қолдап, ізгі тілегін білдіріп жатқан барша қазақстандықтарға алғыс білдіремін", - деді Imanbek.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова жерлесіміз  Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тамаша тарту жасағанын атап өтті.

"Әлемдік деңгейдегі музыкалық жүлде екінің біріне бұйыра бермейді. Imanbek Павлодар облысының талантты адамдарға бай екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, елімізді төрткіл дүниеге танытты. Шығармашылық жолыңа тек жақсылықтар тілейміз",-деп тілегін білдірді Айзада Құрманова.

Сонымен қатар, облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың атынан жаңа музыкалық құралдар сатып алуға 2 млн теңгелік сертификат табыстады. Ақсу қаласының әкімдігі 1 млн теңге беріп, Иманбектің есімі күміспен көмкеріліп жазылған шапанды иығына жауып, ат мінгізді.

"Қазіргі уақытта әндерді өңдеуге қажет құралдар бар. Маған ештеңе керек емес. Сондықтан бұл қаражаттың барлығын қайырымдылыққа берсем деймін",-деді "Grammy" сыйлығының иегері.

Кездесу кезінде ҚР Мәдениет пен спорт министрлігі департаменті басшысының орынбасары Ғани Маратов министр Ақтоты Райымқұлованың құттықтауын жеткізді. "Қазақконцерт" басшысы Жеңіс Сейдоллаұлы да кездесуде сөз алып, Imanbek-ті жеңісімен құттықтады. Ал жастар әлемге танылған музыкантқа сұрақтарын қойды.

DJ Imanbek туған қаласы – Ақсудан ешқайда кетпейтінін айтты. Металлургтердің шағын шаһарында әрі қарай шығармашылық жұмысын жалғастыра береді.

"Осыдан бірер күні бұрын "Иманбек Элджейдің лэйблімен келісімшарт жасады" деген ақпаратты көзім шалып қалды. Бірақ бұл олай емес. Біз тек бірлескен туындыны жарыққа шығармақпыз. Сонымен қатар, таяуда Шон Холлмен бірге әнді өңдеуге кірісеміз. Бүгінгі барлық жоспар – осы. Бұл ретте музыканың шегі жоқ екенін атап өткім келеді. Мұнда коррупция да жоқ. Біреуге арқа сүйеп, танымал бола алмайсың. Тек ниет пен алға деген ұмтылыс болса жеткілікті", - деді музыкант.

Әзірше "Grammy" сыйлығы өз иесіне жеткен жоқ. Оның нақты қай уақытта қолға тиері белгісіз. Imanbek музыкалық жүлде туған жерге келген соң оны "Lada Priora" маркалы көлігінің төбесіне қойып, Ақсу қаласының көшелерімен жүріп өтуді қалайды.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу