Аударым операцияларын жүргізетін Американың Visa трансұлттық компаниясы мен Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті қазақстандық жүзгіш Дмитрий Баландиннің "Visa командасы 2020 жылғы Токиодағы Олимпиада ойындарында" ғаламдық бағдарламасына қатысу үшін келісімшартқа қол қойғанын хабарлады.
"Visa командасы 2020 жылғы Токиодағы Олимпиада ойындарында" бағдарламасының қатысушылары ұлты мен шығу тегіне қарамастан, Олимпиада және Паралимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен нәтижесіне қарап таңдалады. Сондай-ақ, таңдау барысында спортшының жеке қасиеттері мен әлемдік деңгейдегі спорттық жетістіктері және қоғамдық өмірге етене араласуына баса назар аударылады. Аталған команда мүшелері Visa-ның ынтымақтастық, серіктестік сынды құндылықтарын паш етуге тиіс, деп хабарлайды Оlympic.kz.
Дмитрий Баландин - 2016 жылғы Рио Олимпиадасында 200 метрге брасс әдісімен жүзуден алтын медаль иеленген қазақстандық жүзгіш. Одан бөлек, Баландин 2014 жылы өткен жазғы Азия ойындарында 50, 100 және 200 метрге жүзуден чемпион атанған. Қазіргі таңда спортшы 100 және 200 метрге жүзуден Қазақстан Республикасы рекордының иегері саналады.