Докторантура: грантқа түсу үшін қанша балл жинау керек

2618

2021 жылы PhD мамандарын даярлауға 1890 грант бөлінген. 

Докторантура: грантқа түсу үшін қанша балл жинау керек

БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев грантқа немесе ақылы негізде докторантураға түсу үшін қандай шекті балл жинау керегін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Оның айтуынша, биыл докторантураға өтініш қабылдау 3 шілде-3 тамыз аралығында жүргізіледі. Емтихан 4-20 тамыз аралығында өтеді.

"Докторантураға түсу үшін өтініштер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы қабылданады. Кейін өтініштер Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық жүйесінде тіркеледі. Оқуға түсушілер өңірлік тестілеу орталықтарында емтихан тапсырады", деді Әділет Тойбаев.

Ол Мәдениет және спорт министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын университетке түсушілер емтиханды өз жоғары оқу орнында тапсыратынын атап өтті.

Биыл докторантураға түсу емтиханы электрондық форматта өтеді. Үміткерлер компьютерде эссе жазады, тест және білім беру бағдарламасының бейіні бойынша емтихан тапсырады. 

"Алғаш рет қабылдау емтихандары тестілеу орталықтары базасында электронды форматта өтеді. Сондай-ақ үміткерлер жоғары оқу орындары бекітетін тақырыптар бойынша эссе жазады. Эссені бағалау, докторантурада оқуға дайындық тесті және бейінді емтихандардың нәтижесі жинақталып, қабылдау емтиханының қорытынды бағасы шығарылады", – деді директор.

Әділет Тойбаев үміткер докторантураға грантқа түсу үшін 75 балл (шекті балл), оқуға ақылы негізде түсу үшін 50 балл жинау керегін атап өтті.

Айта кетейік, докторантураға түсу емтиханының ең жоғары балы – 100 балл (Эссе – 20 балл, докторантурада оқуға дайындығын анықтауға арналған тест – 30 балл, бейінді емтихан сұрақтары – 50 балл). Жалпы емтиханды тапсырға 4 сағат беріледі. 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу