Докторантураға өтініш қабылдау 3 шілдеде басталады

831

Докторантураға түсу кезінде эссе жазу мен жазбаша емтиханға ерекше көңіл бөлінеді. Емтихандар биыл алғаш рет электрондық форматта өтеді.

Докторантураға өтініш қабылдау 3 шілдеде басталады

Үміткерлер докторантурада оқуға дайындығын тексеру үшін тест, білім беру бағдарламасының бейіні бойынша емтихан тапсырып, компьютерде эссе жазатын болады, деп хабарлайды inbusiness.kz Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Өткен жылы магистратураға емтихан тапсыру кезінде қолданылған электрондық формат сынақтан сәтті өтті. Докторантураға түсу үшін құжаттар ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық жүйесі арқылы қабылданады. Гранттың тағайындалуы туралы куәлік әрбір оқуға түсушінің жеке кабинетінде электрондық форматта берілетін болады", – дейді вице-министр Мирас Дәуленов.

Докторантураға магистр дәрежесі және кемінде 9 ай жұмыс өтілі бар тұлғалар, сондай-ақ медициналық мамандықтар бойынша резидентурада оқуын аяқтаған үміткерлер түсе алады.

"Тіркеу кезінде оқуға түсуші сауалнаманы толтырып, бір ЖОО-ны, бір білім беру бағдарламаларының тобын көрсетеді және емтихан тапсыру орнын өзі таңдайды. Түсу емтихандарын өткізу кестесі оқуға түсушілердің назарына емтихан басталғанға дейін үш күн бұрын жеткізіледі. Үміткерлер компьютерде эссе жазып, докторантурада оқуға дайындық тестін және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша емтихан тапсыратын болады", – деді Мирас Дәуленов.

Бұл ретте эссе, докторантурада оқуға дайындық тесті және бейінді емтихандарды бағалау нәтижелерін жинақтау арқылы алынған балдарға қарап қорытынды баға шығарылады.

Докторантураға өтініш қабылдау 3 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Докторантураға түсу емтихандары 4-20 тамыз аралығында өтеді.

Магистратураға түсу форматына келетін болсақ, биыл ешқандай өзгеріс жоқ. Тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда оқуға түсуші тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде бірден апелляцияға өтініш бере алады.

Магистратураға құжаттарды қабылдау 1 маусымда басталып, 15 шілдеде аяқталады. Оқуға түсу емтихандары 20 шілде мен 10 тамыз аралығында өтеді. Магистратураға түсушілер Ұлттық тестілеу орталығының сайтында байқау сынағынан өте алады.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша магистратураға түсу үшін өту балы өзгеріссіз қалып, 75 балды құрайды, ал докторантураға ақылы негізде түсу үшін – 50 балл. Емтиханның ұзақтығы – 4 сағат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу