Докторантураға түсу ережелеріне өзгеріс енгізілді – ҚР БҒМ

1467

Енді қабылдау емтиханы электрондық форматта өтеді.

Докторантураға түсу ережелеріне өзгеріс  енгізілді – ҚР БҒМ

2021 жылы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына түсу ережелеріне өзгертулер енгізілді. Енді докторантураға қабылдау электрондық форматта жүзеге асырылады. Өткен жылы бұл тәсіл магистратураға қабылдау кезінде тиімділігін көрсетті, деп хабарлады inbusiness.kz порталы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Биыл докторантураға түсу ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізілді. Докторантураға қабылдау емтиханы алғаш рет тестілеу орталықтарының базасында дербес компьютер арқылы электрондық форматта өтеді. Өткен жылы бұл тәсіл магистратураға қабылдау кезінде қолданылған болатын. Бұл – қабылдау емтихандары тек тестілеу форматында өтеді деген сөз емес. Болашақ докторанттар жоо-лар бекіткен тақырыптар бойынша эссе жазады. Қабылдау емтиханының қорытынды бағасы эссе, докторантурада оқуға дайындық тесті және бейінді емтихан бағаларының жиынтығы болып табылады", – деді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Докторантураға өтініш қабылдау 3 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Түсу емтихандары 4-20 тамыз аралығында өтеді.

Магистратураға кешенді тестілеуге өтініш ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы 1 маусым-15 шілде аралығында қабылданады. Кешенді тестілеудің қорытындысы бойынша куәлік электронды түрде тестіленушінің жеке кабинеті арқылы беріледі. Магистратураға кешенді тестілеу 20 шілдеде басталып, 10 тамызға дейін жалғасады. 

Магистратура мен докторантураға қабылдау 28 тамызда аяқталады.
Сонымен қатар Duolingo English Test 2021-2022 оқу жылына магистратура мен докторантураға түсу кезінде шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттар тізімінен шығарылады.

"Шет тілін меңгергендігін растайтын сертификат докторантураға түсу үшін ғана міндетті болып табылатынын атап кеткен жөн. Магистратураның білім беру бағдарламаларына түсу үшін халықаралық сертификаттарды немесе кешенді тестілеу барысында шет тілінен емтихан тапсыруға болады", - деп жазылған хабарламада. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу