Доллар бағамы 1,5 жыл бұрынғы межеге қайта оралды

Бұл туралы DATA HUB аналитикалық арнасы жазды. 

Доллар бағамы 1,5 жыл бұрынғы межеге қайта оралды Фото: canva.com

ҚР Ұлттық банкі 17 наурызға арналған американдық валютаның құнын (486,2 теңге) белгіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл көрсеткіш алдыңғы күнге қарағанда 1%-ға төмендеген (5,09 теңге) және де шамамен 1 жыл, 5 ай аралығындағы, яғни 2024 жылдың 28 қазанынан бергі ең төмен деңгейге жеткен.
Наурызда айында теңге позициясы күшейе түсті. Нәтижесінде, айдың басынан бері долларға қатысты 2,3%-ға қымбаттаған (11,36 теңге). Жылдың басынан бері 3,8%-ға (19,33 теңге) нығайған. 

– Ұлттық валютаның нығаюы Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуынан кейін мұнайдың әлемдік бағасының өсуі аясында байқалып отыр. Израиль мен АҚШ-тың Иранның әскери және мұнай инфрақұрылымына жасаған соққыларына жауап ретінде Иран әлемдегі теңіз арқылы тасымалданатын мұнайдың шамамен төрттен бірі өтетін Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын іс жүзінде бөгеп тастады. Соның салдарынан жанармай тиелген танкерлер, әсіресе Парсы шығанағы елдерінен шығатындар тасымалдай алмай отыр. Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың мамырдағы фьючерстері барреліне $100 жоғары деңгейде сақталуда, – делінген ресми хабарламада. 

Еске салайық, осыған дейін сарапшылар геосаяси жағдайдың шиеленісуін теңгенің әлсіреуіне ықпал етуі мүмкін фактор ретінде қарастырған болатын. Белгісіздік артқан кезде инвесторлар дамушы елдердің активтерінен шығуы мүмкін, сондықтан мұндай тәуекелдер қазақстандық бағалы қағаздарға да қатысты болуы ықтимал еді. Десе де, әзірше мұндай болжам расталмады. Кейбір жекелеген сарапшылардың пікірінше, бұған шетелдік инвесторлардың Қазақстанды жоғары мұнай бағасынан пайда көретін ел ретінде қабылдауы себеп болуы мүмкін. 

Айта кетейік, ұлттық валюта еуро мен рубльге қатысты да нығайып, шамамен бір жылдағы ең жоғары деңгейлеріне жақындады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу