Atameken Business оқырмандарға осы аптаға арналған теңгенің доллар мен рубльге қатысты валюта болжамын ұсынады.
Жалпы, өткен апта теңге үшін жайлы болды. Энергия тасымалдаушылар бағасының өсуі Қазақстан валютасының қымбаттауына жол ашты. Алайда мұнай бағасы күрт қымбаттайды деп үміттенуге болмас. Биылғы жылдың соңында мұнай бағасы барреліне 60 долларға жетеді деп болжам жасаған әлемнің жетекші инвестициялық банктері, баға енді тіпті 50 доллардан асады деп те айта алмай отыр. Өткен аптада "қара алтын" бағасы рубль бағамына қатты әсер етпейтіні байқалып қалды, өсіп келе жатқаны мұнайға қарамастан рубль әлсіз болып қалды. Ал осы аптада АҚШ-тағы шикі мұнай қоры мен өндіру деңгейі туралы статистикалық мәлімет шикізаттық валюталар құнына әсер ететін басты триггер болмақ.
Сергей Полыгалов, Teletrade Central Asia талдау тобының басшысы:
"Егер осы аптада АҚШ-тағы мұнай қоры артқаны туралы кезекті мәлімет жарияланса, нарықта "аюлардың" болжамдары басым түсіп, Америка валютасына қолдау көрсетуі ықтимал. Егер күтпеген жағдайлар болмаса USD/KZT жұбында бір америкалық долларға 322-328 теңге шегінде саудалануы мүмкін. Салық кезеңінің аяқталуы экспортшылар тарапынан ресейлік валютаға деген сұранысты төмендетеді. Қорытындылай келе USD/RUB бағамы бір долларға 61-63 рубльді құрауы ықтимал. Теңге мен рубльдің долларға қатысты әлсіреуі RUB/KZT жұбының бір ресейлік рубльге 5,4-5,5 теңге диапазонында саулануына әкеледі."
Михаил Цой, "Аналитика онлайн Қазақстан" компаниясының бас қаржы сарапшысы:
"Техникалық тұрғыдан алғанда, теңге бір долларға 320 теңге көрсеткішіне жетуі тиіс, біз мұны осы аптада көруіміз мүмкін. Теңгенің болашағы көп жағдайда мұнай бағасына байланысты болады, ал ол, өз кезегінде, АҚШ, Ливия және Катардағы шикі мұнай қоры мен өндіру деңгейі туралы есепке тәуелді. Жалпы жаздың екінші айының алғашқы аптасы Қазақстанның валюта нарығында елеулі оқиғаларсыз, бірқалыпты өтуге тиіс және теңге Америка долларына қатысты 320-324 диапазонында саудаланады. Ал рубль және теңге жұбында бағам 5,4-5,5 теңгені құрауы мүмкін."