"Доллар сатамыз": Тимур Сүлейменов инфляцияға төтеп беру тәсілін айтты

290

Алтын сатып алудың орнына монетарлық бейтараптылық саясатына көшеміз. 

"Доллар сатамыз": Тимур Сүлейменов инфляцияға төтеп беру тәсілін айтты Фото: zhalagash-zharshysy.kz

Бұл туралы Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Инфляциялық қысымды төмендетуге және макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беретін тағы да бір шараға тоқталып өткім келеді. Ұлттық Банк өз қызметі аясында алтын өндіруші отандық кәсіпорындардан алтын сатып алуда мемлекет құқығын іске асырады. Бұл шара халықаралық резервтерді толықтыруға және экономиканың сыртқы нарықтағы өзгерістерге ұшырамай дамуына бағытталған. Осы саясатты ұстану табысты болып, резерв көлемін 45,8 млрд долларға дейін, оның ішінде алтын көлемін 23,8 млрд долларға дейін өсіруге мүмкіндік берді, – деді ол.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, мұндай операциялар теңге эмиссиясы есебінен қаржыландырылады. Яғни, экономикадағы ақша көлемін арттырып, оның тауарлық массадан асып түсуіне жол береді. Бұл, әрине, инфляцияға әсер етпей қоймайды.

– Осындай әсерлерді азайту үшін өткен жылы Ұлттық Банк алтын сатып алудың орнына монетарлық бейтараптылық саясатына көшу туралы пікірталас өткізді. Сол пікірталастың нәтижесінде және жүргізілген талдауды ескеріп, алтын сатып алуға байланысты операцияларды теңгеру арқылы доллар сатуға кірісеміз, – деді спикер.

Сүлейменовтің айтуынша, бұл операциялар валюталық интервенцияға жатпайды. Операциялардың негізгі міндеті – экономикадағы артық ақшаны қысқарту және инфляцияның нысаналы деңгейін 5%-ке жеткізу.

– Осы шаралар iшкi нарықта валютаға ұсыныс қалыптастырып, iшкi валюта нарығында балансты сақтауға ықпал етеді, – деп түйді сөзін Тимур Мұратұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу