Домбыра шертетін робот жасалды

2041

Роботты мектеп оқушылары мен мұғалімі құрастырған 

Домбыра шертетін робот жасалды

Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің информатика пәні мұғалімі Бақытбек Орынбаев пен оның шәкірттері Мирас Мұратқанов және Нұрбол Мақтаев домбырада ойнай алатын робот құрастырды. altaynews.kz порталының хабарлауынша, өнертапқыштар бұл еңбектерін ұлы Абайдың 175 жылдығына арнады.

"Әр оқу жылы басталарда алдымызға мақсат қоямыз. Ортақ ойымыз жаңа бір туындыны жасап, құрастыру арқылы мектеп оқушыларын шығармашылыққа еліту, олардың қызығушылығын арттыру. Домбырада ойнайтын робот жасау идеясы біраз уақыт ойда жүрді. Жобаны жүзеге асырудың сәті биыл түсті. Алдымен роботты құрастырып, кейін оның пернені басатын, ішекті қағатын бөліктерін жеке-жеке жасадық", – дейді Бақытбек Орынбаев.

Күйші роботты құрастырушылардың сөзіне қарағанда, мектепте бұған дейін де осыған ұқсас робот болған. Алайда ол бір күйді орындаумен ғана шектелген екен. Ал жаңа роботтың домбырадағы барлық пернені еркін басып, ішекті қалауынша қаға білетін артықшылығы бар. Робот күйді компьютерге енгізілген ноталар арқылы орындайды. Ол Абайдың "Торжорға", халық күйі "Қара жорға" мен халық әні "Еркем-айды" орындай алады. Ұстаз бен шәкірттер өз туындыларының кез келген шығарманы нота арқылы орындауға мүмкіндігі бар екеніне сенімді.

Бақытбек Нұрлыбекұлы былтырғы мектеп түлегі Әділ Ордаев есімді оқушысымен бірлесіп қара жорға билейтін робот құрастырған болатын. Енді міне, тағы бір тың жаңалығымен жұртшылықты таңғалдырды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу