Ақтөбедегі Дөң кен-байыту комбинатының жұмысшысы Аслан Қожағұловты кен орнында вагон сүйреп кетті. Ол бірнеше дене жарақатымен ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбедегі Дөң кен-байыту комбинатында тағы да оқыс оқиға тіркелді. Кен орнында жарылыс жасаушы болып жұмыс істейтін А.Қожағұловтың қабырғасы сынып, жабық бас-ми жарақатын алды.
"Шахтада жарылыс жасаушы болып жұмыс істейтін адам жараланып, аудандық ауруханаға жеткізілді. Науқастың айтуынша, оның сөмкесі вагонға ілініп қалып, сүйреп кеткен. Жабық бас-ми жарақатын алды. Бет терісі зақымданды. Қазіргі кезде ол Ақтөбе қаласындағы жедел жәрдем ауруханасының хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жағдайы тұрақты", - деді Хромтау аудандық ауруханасының бас дәрігері Жолбасбек Қамбаров.
Еңбек инспекциясының мамандары Дөң кен-байыту комбинатында тексеру жұмыстарын бастады.