Бұл туралы америкалық БАҚ жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.
Манхэттен Үлкен қазылар алқасының мүшелері бейсенбі күні АҚШ-тың экс-президентіне қылмыстық іс бойынша ресми түрде айып тағылуын дауысқа салған.
Дональд Трамп бұл жағдайды "саяси қудалау және тарихтағы сайлауға араласудың ең жоғарғы деңгейі" деп атаған. Ол осыған дейін де өзіне тағылып отырған айыптаулардың негізсіз екенін мәлімдеген-ді.
Бұрынғы вице-президент Майк Пенстің де пікірі осыған саяды.
"Америкалықтардың басым көпшілігіне бұл Манхэттеннің округтік прокуроры жүргізіп отырған саяси қудалау екені түсінікті деп ойлаймын. Ол нақты бір америкалыққа айып тағылуын кәдімгідей насихаттады", - дейді ол.
Ал АҚШ Президенті Джо Байден әзірге бұл жайтқа қатысты ешқандай пікір білдірмеді.
Трамп ел тарихында қылмыстық іс бойынша айып тағылған алғашқы экс-президент болып отыр. Бұған дейін хабарланғанындай, себеп – 2016 жылғы сайлау науқанында порноактрисаға "ауызбастырық" берілуі.