Дональд Трамп Америка халқы атынан Нұрсұлтан Назарбаевты және Қазақстан халқын Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отырған Халықаралық "ЭКСПО-2017" мамандандырылған көрмесінің өткізілуімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
АҚШ президенті осы жаһандық шараның арқасында Қазақстаннан және дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келетін миллиондаған қонақтар адам қиялынан нәр алатын технологиялық инновация мен 115-тен астам ұлттық павильондарда көрініс тапқан тамаша әріптестік әлеміне куә болатынын айтқан.
"Америка Құрама Штаттары Астанадағы "ЭКСПО-2017" көрмесіне қатысып, Американың энергетика, ғылым және технология салаларындағы үздік жетістіктерін, сондай-ақ сан қырлы мәдениетімізді көрсетуді зор мәртебе санайды", – делінген хатта.
Сондай-ақ, Д.Трамп АҚШ павильоны өткен ширек ғасырда елдеріміз нығайта түскен стратегиялық серіктестіктің маңызды нышаны болып саналатынын және оның Құрама Штаттардың алдағы уақытта да өңірдегі бейбітшілікті, тұрақтылық пен өсіп-өркендеуді қолдауға деген ниетін білдіретінін атап өтті.
"Президент мырза, "ЭКСПО-2017" көрмесі арқылы энергетикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жаһандық диалогты одан әрі ілгерілетудегі Сіздің көзқарасыңыз бен көшбасшылығыңыз үшін Сізге және Қазақстанға ілтипатымды білдіремін. Өзара сыйластық пен ортақ мүддеге негізделген АҚШ-Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік одан әрі нығая түседі деп сенемін", – делінген хатта.