АҚШ Президенті Дональд Трамп кедендік баж салығынан түскен қаражат есебінен ел азаматтарына 2 мың доллардан төлеуге уәде берді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, АҚШ қазір баж салығынан триллиондаған доллар табыс тауып отыр, ал жақын уақытта 37 триллион доллар көлеміндегі мемлекеттік қарызды өтеу процесін бастайды.
"Кедендік баждарға қарсы шыққандар – ақымақтар. Біз – әлемдегі ең бай және ең құрметті елміз. Инфляция нөлге жуық, қор нарығындағы акция бағасы рекордтық деңгейге жетті. АҚШ-қа бұрын-соңды болмаған көлемде инвестициялар келіп жатыр, ел бойынша зауыттар мен фабрикалар көбеюде", – деп жазды Трамп Truth Social желісінде.
Айта кетейік, биыл сәуір айында Ақ үй басшысы бірқатар мемлекетке қатысты жаңа кедендік тарифтер енгізілетінін жариялады.