Дональд Трамп ЭКСПО-2017 көрмесіне келе алмайтын болды

728

Дональд Трамп ЭКСПО-2017 көрмесіне келе алмайтын болды

Ресми Вашингтон Сирия дағдарысына қатысты келіссөзде бақылаушы ел болып қала бермек. Бұл туралы бүгін АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол мәлімдеді. Қазіргі жағдайда Ақ үйдің ұстанып отырған саясаты біреу – ол Сирия дербестігін сақтай отырып, соғысты тоқтату. Бұған Астанада өтіп жатқан диалогтың арқасында қол жеткізілуі мүмкін дейді елші. Сондай-ақ елші АҚШ-тың Сирия аумағындағы ДАИШ лаңкестік ұйымының көзін жойып, бітімгершілік орнату жолында аянып қалмайтынын жеткізді.

Джордж Крол, АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

"Біз Астанада өткен келіссөзге ұйымдастырушы ретінде араласуды қаламаймыз. Тиісінше, бақылаушы ел болып қалуды көздейміз. Сирия өз проблемасын өзі ғана шеше алады. Ең бастысы қан төгілмей, бейбіт жағдайда шешілуіне мүмкіндік жасау. Біз Женева процесін қолдаймыз. Кезекті отырысы нәтижелі болады деп сенемін".

Сондай-ақ Джордж Крол Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне АҚШ-тың дайындығы жайлы да айтып берді. 1000 шаршы метрден асатын павильонда олар шексіз энергия тақырыбын қаузамақ. 4 шілде күні Американың ұлттық мейрамына сай арнайы шоу ұсынбақ. Кролдың айтуынша, көрме кезінде сан алуан өнертапқыштар еңбегі мен инновация көрсетіледі. Дегенмен, АҚШ-тан келетін делегацияның құрамы әлі анықталмаған. Ал жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты Дональд Трамптың келе алмайтынын жеткізді. Айта кетейік, көрмедегі павильондар еліміздегі америкалық компаниялардың есебінен қаржыландырылады.

Автор: Еркін Шәкірұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу