Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамптан құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Жеделхатта АҚШ Президенті елінің және жеке өз атынан Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 28 жылдығымен құттықтаған.
"Берік серіктестігіміздің арқасында соңғы 12 ай ішіндегі қол жеткізген жарқын жетістіктерімізді зор қуанышпен атап өткім келеді. Біздің ядролық қаруды таратпаудан бастап терроризмге қарсы күреске дейінгі мәселелерді шешу ісіндегі ынтымақтастығымыз әлемді едәуір қауіпсіз әрі тұрақты етті", – делінген жеделхатта.
Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті ретінде Тәуелсіздік мерекесін алғаш атап өтіп отырғанын айтып, жаңа жылдың табысты болуына тілектестік білдірген.
"Америка Құрама Штаттары Сізбен және Қазақстан халқымен жемісті жұмыс істеуге дайын. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында Қазақстанның болашағы жарқын әрі табысты болады деп сенемін", – делінген АҚШ Президентінің құттықтауында.