АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп Солтүстік Кореяға ядролық зымыран жасауға кедергі болатынын айтып, осы мәселені реттеуде Вашингтонға қол ұшын беруден бас тартқан Қытайды сынға алды. Бұл туралы ол Твиттердегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды BBC.
"Солтүстік Корея ядролық қаруды жасаудың соңғы кезеңін аяқтап жатқанын хабарлады. Біз бұған тосқауыл қоямыз", – дейді Дональд Трамп.
Ол арада жарты сағат өтпей, Қытайды сынға алып, тағы бір мәлімдеме жасады.
"Қытай АҚШ-пен тікелей сауда-саттық жасап, қыруар пайдаға кенелді. Енді келіп, Солтүстік Кореяға қарсы жұмыста көмектескісі келмей отыр. Мұны қалай түсінуге болады?!", – дейді ол.
Айта кетейік, ҚХДР көшбасшысы Ким Чен Ын жаңа жылдық құттықтауында АҚШ Солтүстік Кореяға қатысты басқыншылық саясатын доғармайынша, Пхеньян әскери әлеуетін нығайтуды тоқтатпайды деп мәлімдеген болатын.