АҚШ-тың президенті Дональд Трамп Нигериядағы христиан қауымына қауіп төніп тұрғанын айтып, бұл елді "алаңдаушылық тудыратын мемлекет" деп атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, Нигерияда соңғы уақытта радикалды топтар тарапынан зорлық-зомбылық әрекеттері жиілеп, бейбіт тұрғындар жиі шабуылға ұшырап жатыр.
"Христиан діні қазір экзистенциалды қауіп алдында тұр. Радикалды исламшылдар көптеген адамдардың өмірін қиып жатыр. Сондықтан мен Нигерияны ерекше алаңдаушылық тудыратын мемлекет деп есептеймін", – деп жазды Трамп өз парақшасында.
Ол бұл жағдайға бейжай қарауға болмайтынын айтып, Конгресс мүшелеріне мәселені жедел түрде қарастыруды тапсырған. Трамптың сөзінше, Нигерияда үш мыңнан астам христиан өлтірілген, сондықтан бұл мәселеге халықаралық деңгейде назар аудару қажет.
"Нигерия мен басқа да елдерде мұндай қатыгездік болып жатқанда, Америка Құрама Штаттары бұған үнсіз қалмауы тиіс. Біз христиан қауымын қорғауға дайынбыз және нақты әрекетке көшеміз", – деді ол.
Трамптың бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде де, халықаралық баспасөзде де кеңінен талқыланды. Көптеген сарапшылардың айтуынша, Нигериядағы діни жағдай соңғы жылдары расымен шиеленісіп барады, ал Трамптың сөзі бұл мәселеге әлемдік назарды қайта аударуы мүмкін.