Корей Халық Демократиялық Республикасы басшысымен кездескен АҚШ басшысы Дональд Трамп осы елге қарсы санкцияны сол күйі қалдырды, деп хабарлайды Atameken Business.
Ким Чен Ынмен болған әңгімені "аңызға бергісіз" деп бағалаған ол шектеуді әзірге жоймайтынын, бірақ болашақта бәрі өзгеруі мүмкін екенін айтты.
"Менің арқамда Корей түбегінде жағдай тұрақталып, баллистикалық зымыран мен ядролық қару сынақтан өтпейтін болды",– деп мақтанған Ақүй басшысы екі елдің қарым-қатынасын жақсарту үшін арнайы топ құрылатынын мәлімдеді.Олар келіссөз жүргізумен айналысады.
Қос Кореяның шекаралық аймағына алғаш рет табан тіреген АҚШ жетекшісі сөз соңында Ким Чен Ынды Вашингтонға шақырды.
Тараптар былтыр Сингапурда, биыл ақпан айында Ханойда кездескенмен, нақты келісім жасай алмаған. Үшінші саммит те бұрынғыдан өзгерек болмады.