Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Dongil Highvill кәріс құрылыс компаниясының бас директорының орынбасары Ким Ёнг Чжу мырзамен кездесті. Аталмыш кездесу Ақтөбе облысы әкімі мен Dongil Highvill президенті Ко Донг Хюннің осы жылғы қараша айындағы Сеулде өткен келіссөздерінің жалғасы болды, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесу кезінде оңтүстіккореялық компанияның Ақтөбе облысының аумағындағы тұрғын үй құрылысының алдыңғы қатарлы жобаларын жүзеге асыруға қатысу сұрақтары талқыланды.
"Халықтың әл-ауқаты өсіп келеді, олармен бірге қолайлығы жоғары баспанаға деген сұраныс та. Сондықтан біз сіздің компанияңызбен әріптес болуға мүдделіміз. Біз, өз тарапымыздан сіздерді жермен және инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге дайынбыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақтөбе заманауи агломерация орталықтарына айналатын төрт қаланың қатарына енді. Келешекте Ақтөбе миилиондаған тұрғыны бар қалаға айналады. Сондықтан, біздегі тұрғын үй құрылысын әрі қарай дамытудың келешегі зор",-деді Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, Dongil Highvill өкілдері Ақтөбеге жұмыс сапары кезінде қаланың дамуының бас жоспарымен танысты, құрылыс үшін болашағы бар жерлерді қарап шықты. Жергілікті билік тұрғын үйлерді салудан бөлек Ақтөбеде ультразаманауи спорт кешендері мен ғимараттар салуда әріптес болуды ұсынды.
"Бұл менің Ақтөбеге алғашқы сапарым. Қаланың таза екенін байқадым, инфрақұрылымы дамыған. Қаланы әрі қарай дамытуға лайықты үлесімізді қосатынымызға сенемін",-деді Ким Ёнг Чжу кездесу кезінде.
Dongil Highvill комнаиясының Ақтөбе облысының құрылыс нарығына кіруі жөніндегі түпкілікті шешім осы жылдың соңына дейін қабылданады деп күтуде.
Dongil Highvill Кореяның тұрғын үй құрылысы саласында көш басында тұр. Қазақстан нарығында 2004 жылдан бері келе жатыр. Қазіргі таңда Қазақстанның елордасында Highvill Astana, Highvill Park I, Highvill Park II, Highvill Ishim сынды ауқымы ірі жобалар жүзеге асырылуда.