Донор үш адамға өмір сыйлады

669

Донор үш адамға өмір сыйлады

Павлодарда ұзақ уақыт созылмалы аурудан зардап шегіп, инсульттен көз жұмған 37 жастағы әйел адамның ағзалары үш адамға берілді.  Бұл туралы

№ 1 қалалық ауруханада өткен баспасөз мәслихатында облыстағы трансплантология бойынша өңірлік үйлестіруші Дмитрий Потеребух мәлім етті деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Бірнеше адамға өмір сыйлаған донордың жасы 37-де. Төрт баланың анасы. Ол біздің ауруханаға 17 сәуір күні санавиация арқылы ауданнан жеткізілген болатын. Артериалық гипертензиясы бар созылмалы гемотологиялық дерттің салдарынан инсульт алып, миына қан құйылған. Ақ желеңділер науқастың өмірі үшін барынша күресті. Тіпті, басына ота да жасады. Өкінішке қарай, оң нәтиже болмады. 19 сәуір күні сағат сегізде арнайы комиссия науқастың миы тіршілік белгісін тоқтатқанын, яғни биологиялық өлім тіркелгенін анықтады. Бұдан әрі туыстарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олар бір тәуліктің ішінде келісімдерін берді", - дейді Дмитрий Потеребух.

Дәрігердің айтуынша, сол күні республикалық санитарлық авиация тарапынан құрамында үш орталықтың дәрігерлері бар бригада ұшақпен келіп, марқұмның жүрегі, екі бүйрегі, көзінің ағы және бауыры Астанаға жеткізілген. Нәтижесінде астаналық 13 жастағы бала мен қарағандылық 53 жастағы ер адамға екі бүйрегі және елордалық 33 жастағы әйелге жүрегі берілген.

"Бұл өте күрделі жұмыс. Оған донорлық стационар, республикалық орталық және көлік ұсынатын санавиация қатысады. Себебі шектеулі уақыттың ішінде ағзаны басқа адамға табыстап үлгеру қажет. Қазіргі таңда ағзаларды қабылдаған жандардың барлығы қарқынды терапия палатасында. Бір аптадай дәрігерлердің бақылауында болады, - дейді Дмитрий Потеребух.

Павлодар қаласы № 1 қалалық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Ермек Күшіковтің айтуынша, елімізде донорлық ағзаны алмастыруға мұқтаж адамдардың саны - 3414. Павлодар облысында 95 адам трансплантацияны қажет етеді. Оның үшеуі - еңбекке жарамды жастар мен балалар. Ал, күту парағында 85 адам бүйрек қажет етсе, 10 адамның бауырын алмастыру керек.  Айта кетерлігі, бұл - өңірімізде донор болу бойынша бесінші жағдай болса, № 1 қалалық аурухана базасында орын алған төртінші жайт. Алғаш рет операция ақпан айында, кейінгі екі ота қыркүйек айында жасалған болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу