Досаев майдангерлермен бірге Ардагерлер аллеясына барды

182

Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойған соң Алматы әкімі Ерболат Досаев майдангерлер және олардың жақындарымен бірге 9 мамыр қарсаңында ашылған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің аллеясына барды.    

Досаев майдангерлермен бірге Ардагерлер аллеясына барды Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматыда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта қала басшылығының, ҰОС ардагерлерінің және қоғам өкілдерінің қатысуымен салтанатты іс-шаралар өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты қалалық әкімдікке сілтеме жасап.

Мұнда естелік, ұзақ ғұмыр мен өміршеңдікті білдіретін жөке ағаштары отырғызылып, олардың қасына батырлардың құрметіне арналып есімі жазылған тақтайшалар орнатылды. Мұндай аллеялар Жеңістің 80 жылдығына арналған экологиялық акция аясында қаладағы 8 ауданда бір мезгілде ашылды.

Аллеяны аралау барысында қала әкімі ардагерлермен емен-жарқын әңгімелесіп, бейбіт өмір мен ұрпаққа сыйлаған тыныштық үшін шын жүректен алғыс білдірді. Ерболат Досаев бұл Аллея қаланың ажырамас бір бөлігіне айналатынын, болашақ ұрпақ — балалар, немере мен шөберелер үшін ата-баба ерлігін еске салып тұратын жанды ескерткіш болатынын атап өтті. Ол өткеннің даңқын дәріптеп, халықтың Жеңіс үшін төккен қаны мен көз жасын ұмыттырмайтын белгі болмақ.

- Бүгін сіздермен бірге 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта болып, ескерткішке гүл қою мен үшін үлкен мәртебе. Бұл ескерткіш бізге жыл сайын бейбіт өмірдің қадірін еске салады. Бүгін біз ашық аспан мен тыныштықтың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз - мұны балаларымызға, сіздердің немере-шөберелеріңізге шын жүректен тілеймін. Қаладағы сегіз ауданның бәрінде ардагерлерге арналған аллеялар ашылды, бірақ дәл осы саябақта орналасқанының орны ерекше. Біз ұрпақтар арасындағы байланысты сақтау үшін бұл аллеяны өміршең естелікке айналдыруға тырыстық, – деді Ерболат Досаев.

Майдангерлер өз кезегінде Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және Ардагерлер аллеясын ашқаны үшін әкімге алғыс білдірді.

- Келесі 85 жылдық мерейтойға біз, соғыс ардагерлері, болмауымыз мүмкін. Бірақ біздің ұрпағымыз келіп, бұл ағаштарды аталары еккенін еске алып, тағзым етер", - деді ҰОС ардагері Қамбар Әмірұлы Сәрсенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу