"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа 2019 жылы жұмысында едәуір олқылықтарға жол беріп, қызметінен босатылған Қ.Досаевты әкімдіктің басқарма басшысы етіп тағайындағаны үшін сөгіс жариялады. Әкімге бір тәулік ішінде кадрлық қателігін түзетуге тапсырма берілді", - деп жазды Берік Уәли.
Еске сала кетейік, кеше ғана Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қайрат Досаев Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Айта кетерлігі, 2019 жылдың қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкіміне Тараздағы 12 жастағы мектеп оқушысы зардап шеккен оқыс оқиғаға байланысты және жұмысында жүйелі кемшіліктер жібергені үшін қала әкімін қызметінен босатуды тапсырған еді. Президент сол тұста облыс әкімі Асқар Мырзахметовке ескерту жасаған. Көп өтпей Досаев Тараз қаласының әкімі лауазымынан босатылған болатын.