Мақат ауданы Доссор кентінде жеке кәсіпкер Бақытжан Төлеуов жаңа жылыжай кешенін іске қосты, деп хабарлайды atpress.kz.
Жылыжай кешенін салуды қолға алған кәсіпкер үй жанынан 170 шаршы метр көлемдегі аймақта көкөніс түрлерін өсіруде. Жылыжай бағында 400 түп қияр, 400 түп қызанақ, 100 түп тәтті бұрыш, баялды, шалғам көкөністерімен қатар, құлпынай жемісі түйіндей бастаған. Кәсіпкер отбасылық кәсіпті жандандыруға балалары мен бауырларын жұмылдыруда.
"Бұл аудан басшысының қолдауымен жаңа инновациялық жобалармен тәжірибе алмасу мақсатында Индер ауданына барған сапарымда түйген ойым еді. Мақсат қойып, бірден іске кірістім. Нысан құны 4 миллион теңгені құрады", –дейді кәсіпкер Бақытжан Төлеуов. Енді, кәсіпкер отандық өнімдерін Доссор кентіндегі дүкендерінде саудалайды.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Азамат Шаңғалаевтың мәліметіне сүйенсек, Мақат ауданында тәуелсіздік мерекесі қарсаңындағы соңғы бес күнде 5 нысан ашылып, халық игілігіне ұсынылып отыр. Аудан тұрғындары арасында мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсіп ашуға ниеттілер көп.