"Достық" бағыты бойынша мұнай транзиті болмайды – Ерлан Ақкенженов

Бұған дейін Ресейдің қазақ мұнайын Еуропаға тасуға тыйым салатынын жаздық.

"Достық" бағыты бойынша мұнай транзиті болмайды – Ерлан Ақкенженов Фото: Үкімет

Мамырдан бастап екінші тоқсан бойы транзиттің толық тоқтайтынын энергетика министрі Ерлан Ақкенженов растады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Осылайша, Қазақстан мұнайы бұдан былай Германиядағы Шведт мұнай өңдеу зауытына "Достық" (Дружба) құбыры арқылы жеткізілмейді. 

Министрдің сөзінше, ресейлік тарап Астанаға бейресми түрде шикізатты айдау мүмкін еместігін ескерткен. Мұны "Ресей аумағындағы энергетикалық нысандардың зақымдануымен байланысты болуы мүмкін" деп түсіндіретіндер бар. 

– Бейресми деректерге сүйенсек, бұл рас. Мамыр айында Шведт зауытына "Дружба" бағыты бойынша мұнай транзиті болмайды. Ресей тарапы техникалық мүмкіндік жоқ екенін мәлімдеп отыр. Бұл соңғы уақытта Ресей инфрақұрылымына жасалған шабуылдармен байланысты болуы мүмкін. Мен осылай деп топшылаймын, – деді Ерлан Ақкенженов.

Бұған қарамастан, Энергетика министрлігі елде мұнай өндіру көлемін қысқарту жоспарланбайтынын айтты. Яғни, босап қалған көлемдер жедел түрде қайта бөлінбек. 

– Жағдай бақылауда, өндіру жоспарланған деңгейде сақталады, – деп атап өтті ол.

Бұған дейін Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов "Қазақстан мұнайының Еуропаға транзиті шектелгені ресми дерек емес" деп мәлім етті. 

Көп кешікпей аталған оқиғаға қатысты Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев та пікір білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу