Белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстанға қатысты айтқан атышулы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды sputniknews.kz.
Саясат тұрғысынан алғанда Алмазбек Атамбаевтың батылдығы сайлаудың алдындағы әбігермен ғана байланысты емес, бірақ сайлаудан кейін де Қазақстанды жаңа тосын сыйлар күтіп тұруы әбден мүмкін, дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.
Саясаттанушының пікірінше, Алмазбек Атамбаев сайлаудан кейін ел ішінде "қыран" болып көрінгісі келетін Орталық Азиядағы алғашқы "ақсақ үйрек".
"Саясат тұрғысынан қарайтын болсақ, мұндай батылдық тек сайлау алдындағы әбігермен ғана емес, басқа да жайттарға байланысты. Біріншіден, орталық азиялық патриархтардың дәуірі өтіп бара жатыр деген сенімділік бар. Бішкек Өзбекстаннан кейінгі кезек Қазақстанға келеді деп күтіп отыр. Ал арыстан әлсіреген кезде, ерте ме, кеш пе, "ақсақ үйректер" де шоқуы мүмкін. Екіншіден, өңірде жаңа "үлкен ағаларды" күтпейтінін анық білдірді", — деп жазды Сәтпаев фейсбуктегі өз парақшасында.
Оның айтуынша, Атамбаевтың мәлімдемесін тек сайлаумен байланыстыру қате. Қырғыздардың өкпе-реніші бұрыннан жиналғанға ұқсайды, екі ел арасына сызат бұдан ертерек түсті.
"Мысалы, Қырғызстан Еуразия экономикалық одағына кірген кезде Астанаға наразылығын білдіре бастады. Бішкектің пікірінше, қазақстандық тарап одақ нарығына қырғыз өнімінің шығуына жасанды түрде кедергілер тудырды. Сол кезде өзара сенімсіздіктің "қара мысығының" бірі жүріп өтті. Қазақстан бөлген 100 миллион доллар да жағдайды түзей алмайды. Еуразиялық экономикалық одақта Бішкек Мәскеуге жақындай түсті", — дейді саясаттанушы.
Бұл орайда, сарапшының пікірінше, Кремльдің қырғыздардың сайлауында кімнің жеңгенін қалайтыны қызықтырады. Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарына сүйенсек, Ресей билігі де Атамбаевтың кандидатурасын аса жақтамайды.
"Атамбаев Мәскеуге жиі барып, өзінің ізбасарының позициясын нығайтпақ болған секілді. Бірақ кім президент болса да тек Астана және Мәскеумен ғана жұмыс істемей, сондай-ақ болашақ премьер-министрмен билікті бөлуге тура келеді. Сондықтан Ақорда үшін Бабановты қоса алғанда президенттікке үміткер барлық тұлғалардан гөрі қырғыз премьері қызығырақ болуға тиіс. Өйткені мәселе Қырғызстанға салынған қазақстандық инвестицияны қорғауға келіп тіреледі. Сондықтан сайлаудан кейін бізді жаңа саяси тосын сыйлар күтіп тұр. Әрі Атамбаев та саяси сахнадан кетейін деп отырған жоқ", — дейді Досым Сәтпаев.
Еске сала кетсек, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстанның басшылығын 15 қазанда өтетін елдегі президент сайлауы барысына килігіп отыр деп айыптаған болатын.
Өз кезегінде Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Атамбаевтың бұл сөзіне наразылық білдіріп, мұндай арандатушылық мәлімдемелер екі елдің арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан достық пен бауырластық қатынасқа өз кесірін тигізбейтініне сенімділік білдірді.