Ресейдің Самара қаласындағы ірі мұнай тасымалдау торабында болған өрт Қазақстан мұнайын экспорттауға кедергі келтірді. Осыған байланысты бүгін магистральдық құбырдың жұмысы уақытша тоқтатылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 2 қарашаға қараған түні Ресейдегі Самара өндірістік-диспетчерлік торабының нысандарына дрондар шабуыл жасаған.
"Осыған байланысты 2 қараша күні Астана уақыты бойынша сағат 06:09-да Атырау – Самара магистральдық мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалдау уақытша тоқтатылды", – делінген хабарламада.
Қазір мамандар мұнай құбыры инфрақұрылымының техникалық жағдайын тексеріп жатыр. Ведомство мұнай қабылдау жақын уақытта қайта басталады деп уәде береді.
Айта кетейік, "Атырау – Самара" құбыры – Қазақстан мұнайын Ресей бағытында тасымалдауды қамтамасыз ететін "Өзен – Атырау – Самара" магистралды мұнай құбыры жүйесінің бір бөлігі. Оның жалпы ұзындығы 1380 шақырымды құрайды.
Бұл құбыр Қазақстандағы мұнай өндіруші аймақтарды (соның ішінде Жетібай-Өзен кен орындары тобын), сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытының инфрақұрылымын "Транснефть" компаниясы басқаратын ресейлік магистралды мұнай құбыры жүйесімен байланыстырады.