Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде мерзімді әскери қызметтің жаңа форматы – "SARBAZ+" жобасы енгізілуде, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жобаның пилоттық алаңы ретінде Алматы облысындағы 78460 әскери бөлімі таңдалды. "SARBAZ+" мерзімді әскери қызметке деген көзқарасты трансформациялау аясында жүзеге асырылып, сарбаздарды даярлаудың неғұрлым саналы әрі дамуға бағытталған жүйесін көздейді.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі – myarmy.kz цифрлық платформасы арқылы мерзімді әскери қызметке конкурстық іріктеудің енгізілуі. Пилоттық жоба аясында 268 өтінім түсіп, олардың ішінен 90 үміткер іріктелді. Өткен сенбіде жас сарбаздар туған-туыстары мен жақындарының қатысуымен әскери ант қабылдады. Қазіргі уақытта жоба 78460 әскери бөлімінде толық іске асырылып, оны ауқымды түрде енгізу жоспарлануда.
Күзгі әскерге шақыру кезеңінде Eltex, Rtel және Ashyk Aspan компанияларының қатысуымен әскери бөлім базасында радиобайланыс, желілік технологиялар және ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару салалары бойынша мамандар даярлайтын оқу сыныптары ашылды. Astana Hub-пен бірлесіп TechOrda бағдарламасы аясында ақпараттық қауіпсіздік, деректерді қорғау және жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып дрондарды бағдарламалау бағыттары бойынша оқыту ұйымдастырылды. Сонымен қатар, әскери қызметшілер QLANG платформасында ағылшын тілін онлайн форматта меңгеруде.
Жауынгерлік дайындықтың сапасын арттыру мақсатында заманауи электронды тир ашылды. Спорттық инфрақұрылым айтарлықтай жаңартылып, футбол алаңы қайта жөндеуден өтті, streetball және workout алаңдары жабдықталды, жаттығу залы ашылды.
Қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін автоматтандырылған жағдай мониторингін қамтамасыз ететін бейнеаналитика жүйесі енгізілді. Интеллектуалдық және моральдық-психологиялық дамуға бағытталған шахмат секциялары жұмыс істейді, патриоттық бағыттағы ұсынылатын әдебиеттер мен фильмдердің тізімі әзірленді, психологиялық демалыс бөлмелері құрылды.
Сонымен қатар, офицерлер мен сержанттар үшін көшбасшылық құзыреттерді дамытуға және тәрбиелік жұмысқа деген көзқарастарды жаңартуға бағытталған курстар өткізілуде. Барлық деңгейдегі командирлер жауынгерлік дайындық пен тәртіпке ғана емес, жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайына да жеке жауапкершілік алады.
"SARBAZ+" жобасы мерзімді әскери қызметтің бір жылын жеке тұлғалық даму мен практикалық дағдыларды игеру кезеңіне айналдыруды көздейді. Бұл өз кезегінде әскери қызметтің беделін арттырып, қоғамның армияға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.