Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 19 шілдедегі елдегі эпидемиологиялық жағдай жөніндегі кеңесте Қазақстанның кейбір өңірлерінде коронавирусқа қарсы вакцина дұрыс сақталмаған деп атап айтқан еді.
"Өңірлердің бәрі бірдей бұл жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмайды. Вакциналарды сақтаудың температуралық режимін бұзудың көптеген фактілері егу пункттерінің шамамен 30%-да анықталды" – деген болатын Мемлекет басшысы.
Бұл ақпаратты 2021 жылғы 23 шілдедегі брифингте Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері растады.
Еске сала кетейік, биыл ақпанда COVID-19 індетіне қарсы екпе басталған кезде елімізде 200-ден астам егу пункті жұмыс істеді. Осы жылы 23 шілдедегі жағдай бойынша 2300-ден астам пункт жұмылдырылды. Бастапқыда санитариялық-эпидемиологиялық қызмет вакцинация процесі басталғанға дейін егу пункттерінің ашылуына байланысты тексерулер жүргізді. Сондай-ақ, вакцинациялау кезінде санитариялық қағидалар талаптарының сақталуына, оның ішінде салқын тізбектің сақталуына мониторинг жасау үшін бару жүргізіледі.
"Негізінен, әрбір үшінші егу пунктінде (шамамен 30%) жұмысқа рұқсат алғанға дейін санитариялық қағидалар талаптарының бұзылатыны анықталды. Бұзушылықтар жойылғанға дейін осы егу пункттерін пайдалануға рұқсат етілген жоқ. Вакциналарды сақтау және тасымалдау кезінде "салқын тізбек" талаптарын сақтау халыққа профилактикалық егуді жүргізу кезінде маңызды шарт. Барлық ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар вакциналарды сақтаудың оңтайлы температуралық жағдайларын сақтауға бағытталуға тиіс. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қолданыстағы егу пункттерінде салқын тізбектің, вакцинацияны ұйымдастыру және жүргізу қағидаларының, оның ішінде температуралық режимнің сақталуына тұрақты негізде мониторингті жүзеге асырады", - деп хабарлады министрліктен.
Вакцинаны сақтаудың температуралық режимін сақтау – вакцинациялау тиімділігінің кепілі. Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын ерекше бақылауға алып отыр.
Аян Бекенұлы