Оңтүстік Қазақстан облысында араб инвесторларының көмегімен дуадақ өсірілуде. Бәйдібек ауданында араб инвесторы Шейх Халифа Бен Зайд Аль-Нахайянның қолдауымен құрылған құс тұқымбағынан табиғатқа жылына 600-ден астам дуадақ ұшырылады. Бүгінге дейін 895 гектар жер көлемін алып тұрған орталыққа 3,5 млрд теңге шетел инвеститциясы тартылып, ауданның 156 тұрғыны жұмыспен қамтылған. Аталған тұқым бақ соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Мұндағы өсіріліп жатқан құстар онлайн режимде бақыланып, жем-су бекітілген тәртіппен беріліп отырады. Жалпы мұнда өсірілген дара дуадақтар Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы Бетпақдала аймағына жіберіледі. Араб тарапы Қазақстан алдындағы өз міндетін орындау үшін 2010-2017 жылдар аралығында Қазақстанның табиғатына бас-аяғы 2 мыңға жуық дуадақ ұшырылған. Айта кетейік, мұндай тұқымбақтар әлемнің үш елінде яғни Морокко, Бірікке Араб Әмірлігі мен Қазақстанда ғана бар. 2005-2006 жылдары Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірлігі елімен өзара келісімімен жабайы дуадақтың ұясынан жұмыртқасы алынып, инкубациядан кейін құстарды Біріккен Араб Әмірлігінің орнитологиялық тәлімбағына жеткізілген болатын. Содан бері дуадақ құсы бұрынғы отаны - Қазақстан жерінде де өсіріле бастады.