Дубай метрополитені ауқымды кеңею кезеңіне қадам басты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жобаны Дубай әмірі Мұхаммед бин Рашид Әл Мактум жариялады. Ұзындығы 42 шақырымды құрайтын жаңа желі 18 станцияны қамтып, заманауи тоннельдер арқылы өтеді. Бұл қолданыстағы жерасты инфрақұрылымымен салыстырғанда екі есеге жуық кеңейту деген сөз.
"Алтын желі" қаланың 15 стратегиялық ауданын байланыстырып, шамамен 1,5 млн тұрғынға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, салынып жатқан 55 ірі тұрғын үй және коммерциялық нысандарға қолжетімділікті арттыру көзделіп отыр.
Жоба құны 34 млрд дирхамға (шамамен 9,25 млрд доллар) бағаланған. Құрылысты 2032 жылғы 9 қыркүйекте аяқтау жоспарланған – бұл Дубай метросының іске қосылғанына 23 жыл толатын кезеңмен тұспа-тұс келеді.
Алдын ала есеп бойынша, 2040 жылға қарай жаңа желі арқылы күн сайын 465 мың жолаушы тасымалданады. Жоба ұзақ мерзімде экономикалық тиімділік беріп, жиынтық кірісті 430%-ға дейін арттыруы мүмкін.