Қарағанды облысындағы Дубовка тұрғындарынан маза кетті.
Елді мекен тұрғындары дәл жандарынан салынғалы жатқан кенішке қарсы шықты. Дубовкадан екі шақырым жерге сазды өңдеп алатын кеніш салмақшы. Бұл кеніштің салынатыны жөнінде тұрғындар кеш білгендерін айтады. Кеніштің пайда болуына қатысты өткізілген қоғамдық тыңдалымға жұрт құлақтанбағандықтан аз жиналған.
Қоғамдық тыңдауға келген тұрғындардың барлығы кеніш жұмысына қарсы екендерін білдірді.
Осыдан бес жыл бұрын Дубовканың маңынан көмір өндіретін кеніш ашқан. Жұрт сол кезде де қарсы шыққан, бірақ олардың шағымын ешкім назарға алмаған. Сол кезде жұрт көмір өндіру үшін жерді қазса құдықтан су кетеді деп қынжылған. Айтуларынша бүгінде елді мекенде су тапшылығы орын алған, әрі маңайдың барлығы кеніш жұмысынан кейін саз балшыққа айналыпты. Енді осы ауылдың жанынан екінші кен орыны ашылайын деп тұр.
“Бізде қазір су жоқ , жазда бау - бақша түгілі су өзімізге ішуге жетпейтін болып қалды. Маңайдың барлығы шаң, топырақ , кейде батпақтан шыға алмай қаламыз. Енді саз өндіретін кеніш ашса жағдайымыз не болмақ? Неге жан - жағымызды қаза береді”,- дейді Дубовка тұрғыны Галина Бабаева.
2018 жылы Дубовка жанынан көмір өндіретін кенішті ашқанда оның қожайыны “маңайды жасыл алаң етемін” деп уәде берген. Алайда ол бірде бір тал екпеген , кен орнын бүгінде басқа біреуге сатып жіберген.
Қоғамдық тыңдалым барысында саз өндіретін кеніш ашқалы отырған “ Сервет - Сарыарқа” компаниясы жұмыстарынан елді мекенге зиян келмейді деген уәж айтты. Компания басшысы мұнда кеніштің баяғыдан бар екенін бірақ оның көп жылдар бойы жұмыс жасамай тұрғанын мәлімдеді.
Сондай - ақ компания кеніш жұмысы жылы уақыттарда ғана жасалатынын әрі сазды жабық көліктермен сыртқа таситынын айтады. Кеніш жұмысындағы жоба бойынша шаңды күніне екі рет Дубовкадан алынатын сумен шайып отыруы керек. Компания өкілдері тұрғындармен арада болған даудан кейін суды Қарағандыдан тасимыз деді. Алайда әбден уәдеге тойып зәрезап болған тұрғындар олардың сөзіне сенбейтіндерін айтып, қарсылықтарын тоқтатпайтын жеткізді.