Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған Үкіметтің "Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы" қаулысына енгізілуі тиіс өзгертулердің жобасында жазылған, деп жазады inbusiness.kz. Алайда, бұл санатқа сауда-ойын-сауық орталықтары жатпайды. Мұндағы мақсат – дүкендегі тауар бағасының қымбат болуына жол бермеу.
Жоба бойынша, салынатын не жаңғыртылатын сауда орталықтары бірқатар талаптарға сай келуі шарт:
- сауда алаңының аумағы кемінде мың шаршы метр болуы керек;
- дүкен көтерме емес, бөлшек саудамен айналысуы тиіс;
- сауда алаңында азық-түлік, оның ішінде әлеуметтік азық-түлік сататын орындар, сондай-ақ әкімшілік-тұрмыстық, қойма бөлмелері болуы тиіс.
Құжат жобасының иесі – ҚР Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, Қазақстанда заманауи форматтағы сауда алаңдары тапшы. Оған қоса, сауда алаңдарын сатып алу және жалдау құны да өте жоғары. Бұл факторлардың бәрі дүкендердегі тауар бағасының қымбаттауына әкеліп отыр. Осыған орай, Үкімет жоғарыда аталған талаптарға сай келетін сауда орталықтарын салуға ниетті кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау арқылы дүкендегі баға мәселесін реттемек.
Айта кетейік, мемлекеттік субсидиялау 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асырылмақ.
Қаулыға енгізілетін өзгертулер 26 қаңтарға дейін қоғам талқысына ұсынылған.