Маңғыстау облысында жергілікті экологтар дүкенде сатылатын жұмыртқадан улы химикат тауып, дабыл қақты. Бұл азықтың құрамынан кәдімгі пластмассада кездесетін қауіпті қоспа анықталған. Оның әсері бірден білінбегенімен, уақыт өте келе, белсіздік пен бедеулікке әкеледі екен.
Маңғыстаулық экологтар енді жұмыртқа жемейтін болыпты. Өнімді тексеріп шыққан мамандар жұмыртқада ақуыз бен сарыуыздан бөлек, гексабромциклододекан деп аталатын қауіпті химиялық зат барын анықтаған.
"Тексеру кезінде жұмыртқадан диоксин секілді бірқатар химиялық қоспа анықталды. Олар көбіне көлік бөлшектерінде, пластмассада кездеседі. Құстар үнемі қоқыс арасында жүреді. Сондықтан қазір олардың өнімін тұтыну қауіпті", – дейді эколог Кирилл Осин.
Ал сараптама Чехияда жүргізілген. Елімізде азық-түлікті жан-жақты тексеретін зертхана болмағандықтан, жергілікті экологтар жұмыртқаны сонда жіберіпті. Жұмыртқадан улы химикат аса көп мөлшерде бұған дейін Германияда анықталған болатын. Ал біздегі көрсеткіш одан тоғыз есе асып түсіпті.
"Бұл химикаттар тобы адам ағзасына бірден әсер етпейді. Әсері 10 жылдан кейін байқалуы мүмкін. Әрі ол қан арқылы ұрпағына беріледі. Соның салдарынан адам қатерлі ісікке немесе белсіздікке, бедеулікке ұшырауы ықтимал", – дейді эколог-дәрігер Мартин Скальский.
Бұған дейін жергілікті экологтар шұбаттан да шикілік тапқан болатын. Онда да ұлттық сусында сан түрлі бактерияның бары айтылған. Сарапшылар бұған Маңғыстау экологиясының нашарлығы себеп деп отыр. Оған кінәлі мал емес, тұрғындардың өздері. Қоқысты беталды тастап, тауық, түйе атаулы сонымен қоректенген.