Тұтынушылар өз құқықтарын біле ме?

1330

Дүкенде суретке түсіруге тыйым салынбайды, сапасыз тауарды қайтаруға болады.

 Тұтынушылар өз құқықтарын біле ме?

Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-платформасында өткен брифингте сауда және интеграция министрлігі Алматы қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Арман Ақсубаев көпті толғандырған сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Тұтынушылардың алған заты сапасыз болып шықса, олардың затты қайтаруға немесе ауыстыруға толық құқығы бар. Арман Ақсубаевтың айтуынша, әдетте дүкендер мен супермаркеттерде сапасыз тауарларды еш қиындықсыз ауыстырып береді немесе ақшасын қайтарады. Мұнда ең бастысы – қолыңызда тауарлық немесе фискалдық чек болуы керек.

Алматы қаласы Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңға сәйкес сапасыз тауарды сатып алған, сол кезде сатушы  оған тауардағы кемшіліктер жөнінде айтпаған жағдайда, тұтынушы өз таңдауы бойынша түрлі талап қоюға құқылы:

1) сатып алу бағасын сапасына қарай кемітуді;
2) тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды;
3) тауардың кемшіліктерін жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеуді талап етуге құқылы;
4) ұқсас маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстыруға;
5) сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (модельді, артикулді) сондай тауарға ауыстыру;
6) шартты бұзуға және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.

Осы орайда Арман Ақсубаев тауарларға сараптама жасау туралы сөз қозғады.

"Егер тауарды тексеру нәтижесінде кемшіліктер жоқ екені немесе тауарды тұтынушыға бергеннен кейін оның пайдаланудың, сақтаудың белгіленген қағидаларын бұзу анықталса, тұтынушы сатушыға сараптама жүргізуге арналған шығындарды, сондай-ақ тауарды тасымалдауға арналған шығындарды өтеуге міндетті", - деді спикер.

Бұл ретте, тұтынушы сапаны тексеруге және тауарға сараптама жүргізуге жеке өзі немесе өзінің өкілі арқылы қатысуға, сондай-ақ тауарды өз есебінен тексеруге құқылы екенін есте сақтау қажет.

Сондықтан Арман Ақсубаев алматылық тұтынушыларға сапасыз тауар сатып алған жағдайда - сауда орнында өзінің болғанын және сатып алғанын растау үшін өнімді суретке түсіріп алуды ұсынады.

"Дүкендерде суретке түсуге тыйым салынбайды. Егер чек жоғалған немесе берілмеген болса, бұл болашақта қажет болады", – деп толықтырды департамент басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу