Екі үлкен панда, Лили мен ұрғашы Синсин аюлары Токиодағы Уэно хайуанаттар бағынан Нарита халықаралық әуежайына жеткізіліп, Қытайға чартерлік рейспен жіберілді. Бұл туралы Kyodo агенттігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Пандалары тасымалдайтын жүк көлігі хайуанаттар бағынан таңғы сағат 4-те шықты, олармен қоштасу барысында кейбір зообақ қызметкерлері көз жасына ерік берді. Сондай-ақ, пандасүйер Токио тұрғындары да аюлармен қоштасуға келді.
"Жалғызсырап қалғаным рас, бірақ мен өте ризамын. Мен олардың туып-өскен ортасында бейбіт өмір сүргенін қалаймын", – деді хайуанаттар бағының директоры Ютака Фукуда.
Қайтып оралғаннан кейін 19 жастағы жануарлар Сычуань провинциясындағы осы түрді сақтау және зерттеу орталығына жеткізіледі.
Лили мен Синсин 2005 жылы Сычуань провинциясында дүниеге келді және 2011 жылдың ақпанында Уэно хайуанаттар бағына зерттеулер жүргізу үшін жалдау құқығымен жіберілді. Хайуанаттар бағының басшылығының мәліметі бойынша, соңғы жылдары жануарлардың қан қысымы жоғарылап, мал дәрігерлері оны түрлі дәрі-дәрмектермен тұрақтандыруға тырысты. Алайда, сарапшылармен кеңесе отырып, оларды емдеу курсынан өту үшін отанына қайтару туралы шешім қабылданды.
Естеріңізге сала кетейік, әлемдегі барлық үлкен пандалар Қытайға тиесілі. 1984 жылдан бастап шет елдер бамбук аюларын тек жалдау шартымен ұстай алады. Пекинге әр жұп үшін 250 миллион доллардан төленгенімен, жануарлар Қытайдың меншігі болып қала береді және келісім аяқталғаннан кейін қайта отанына жіберіледі.