Дүниежүзілік Банктің Ауғанстандағы жобаларын қаржыландыру уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Inbusiness.kz The Wall Street Journal басылымына сілтеме жасап.
Ұйым Ауғанстандағы жағдайдың дамуына алаңдаушылық білдіре отыра, бұл елге көрсетілетін көмек бағдарламасын тоқтату туралы шешім қабылдады. Банк Ауғанстанға 2002 жылдан бері 5,3 миллиард доллардай қаражат берген болатын.
Осы жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша, банк екі миллиард доллардан астам сомаға Ауғанстандағы 27 жобаны қаржыландырды. Бірқатар жоба ауыл шаруашылығы мен төлем жүйесін дамытумен байланысты. Дүниежүзілік банк ДБ-ға мүше барлық 189 мемлекет "Талибанның" билігін мойындамай отырғанда Ауғанстанға ақша бөле алмайтындығын атап өтті.
Бұған дейін Халықаралық валюта қоры Ауғанстанға көмектеспейтінін мәлімдеген еді. ХВҚ 23 тамызда экономикалық дағдарысқа қарсы жаһандық күрес аясында Ауғанстанға 370 миллион доллардан астам қаражат аударуы керек еді.
Табиғат Нұрболат
Фото: apnews.com