Дүниежүзілік банк Қазақстандағы орта білім жүйесін модернизациялауға республикалық бюджетпен қаржыландырылатын салықты қоса есептегенде 75 млн АҚШ долларын бөледі, деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.
ҚР білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік банкімен бірлесе "Орта білім жүйесін модернизациялау" жобасын ресми іске қосу бойынша іс-шара өткізеді. Жобаның негізгі бағыттарының бірі – ауылдық жерде орта білім беретін мектептердегі оқушылардың үлгерімдерін - ауылдық мектеп мұғалімдерінің әлеуетін арттыру және білім ордаларын мультимедиалық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету арқылы жақсарту.
Жобаның жалпы құны - республикалық бюджетпен қаржыландырылатын салықты қоса есептегенде 75 млн АҚШ доллары. Жоспарға сәйкес, бұл қаражатқа ауылдық мектептерге оқу материалдары мен мультимедиалық құрал-жабдықтар сатып алынып, білім беру бағдарламалары жақсартылатын болады. Сондай-ақ, ауылдық мектептердегі мұғалімдердің әлеуетін арттыру бойынша шаралар қолданылып, ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетіледі. Жоба шеңберінде білім берудің жаңартылған мазмұнын қолдауға бағытталған бастамалар кешені жүзеге асырылады деп күтілуде.