Дүниежүзілік банк Қазақстандағы тозған коммуналдық құбырларды жаңартуға көмектеседі

96

"Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" атты ұлттық жобаны Дүниежүзілік банк қаржыландырады.  

Дүниежүзілік банк Қазақстандағы тозған коммуналдық құбырларды жаңартуға көмектеседі Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өкілдерімен кездесіп, бастапқы шарттарымен келісті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Дүниежүзілік банк өкілдері Ұлттық жобаны іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Ықтимал бюджет көлемдері талқыланып, сумен жабдықтау және су бұру нысандарын салу бойынша жобалар тізімін қалыптастыру туралы шешім қабылданды", – деп жазылған Үкіметтің сайтында.

Одан бөлек, халықаралық қаржы ұйымы Солтүстік Арал теңізін сақтау, төтенше жағдайлардан кейін қалпына келтіру қорына қатысты мәселелерді талқылауға қатысты. Жалпы Қазақстан үкіметі мен Дүниежүзілік банк арасындағы әріптестік 2026-2030 жылдар аралығын қамтиды.

Былтыр елдегі апатты жағдайлар жиілегеннен кейін үкімет электр қуаты мен коммуналдық желілерді жаңартуға ерекше назар салды. "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жоба қабылданды.

2024 жылы күзде Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов жобаны жүзеге асыру үшін шамамен 10 трлн теңге қажет деген еді. Бұл қаражатқа елдегі жылу желілерін жөндеп, сумен жабдықтау желілерін жаңартады. Тозығы кәріздерді де қалпына келтірмек.

"Биыл жыл басында осы жобаны жүзеге асыру үшін арнайы жобалық кеңсе жұмысын бастады. Енді 2029 жылға дейін Үкімет коммуналдық құбыр желісін жаңғырту үшін 6,8 трлн теңге, ал электр энергиясын өндіру үшін 6,2 трлн теңге қаражат табуы керек. Сол кезде қаржыны екінші деңгейлі банктер, ұлттық қаржы даму институттары мен халықаралық ұйымдардан алады деп мәлімдеген болатын", - делінген Үкімет таратқан ақпаратта. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу